Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәлімгердің ізімен: учаскелік полицейдің бір күні

Азаматтардың амандығы мен тыныштығы – олардың иығына артылған басты міндет. Учаскелік полиция инспекторы болу – күнделікті қарбалас пен адам тағдырына сергек қарауды талап ететін күрделі қызмет. Атыраулық тәлімгер мен оның ізін басқан жас маманның бір күні – бұл тәртіп пен сенімге негізделген нағыз өмір сабағы. Олар туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Полиция қызметіндегі ең халыққа жақын тұлға – учаскелік инспектор. Себебі олар күнделікті ел ішінде жүріп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдайды, тыныштығын күзетіп, сенім ұялатады. Бұл – жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін күрделі міндет.

Учаскелік инспектордың күні ертемен басталады. Алдымен тәлімгер мен жас маман бірлесіп, алдағы күннің жоспарын нақтылайды. Аумақтағы өзекті мәселелер, келіп түскен арыз-шағымдар, алдын алу шаралары сараланып, бағыт-бағдар түзіледі.

– Менің тәлімгерім – Атырау қалалық полиция басқармасының №1 бөлімінде қызмет ететін учаскелік полиция инспекторы Қайрат Кәрімов. Ол – он жылдан астам уақыт бойы халыққа адал қызмет етіп келе жатқан, салмақты да сабырлы маман. Осы мамандықтың мән-маңызын мен дәл осы кісінің жанында жүріп ұғындым. Қайрат ағай үнемі "Нағыз полиция қызметкері – алдымен тыңдай білуі керек" деп айтып отырады. Оның қамқорлығы мен ақыл-кеңесінің арқасында бойымдағы жанашырлық пен жауапкершілік қасиеттері ашылды. Осындай тәлімгермен бірге қызмет атқарып жүргеніме қуаныштымын. Енді маған артылған сенімді ақтауға бар күшімді саламын, – дейді жас полиция инспекторы Диас Шарипов.

Күнделікті жұмыс барысында учаскелік инспекторлар бекітілген аумақтағы отбасыларды аралап, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысады. Тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, ескерту және түсіндіру жұмыстарын жүргізу – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алып, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу – ерекше назарда.

Кейде шұғыл шақыртулар түсіп жатады. Отбасылық кикілжің, көршілер арасындағы дау-дамай, әкімшілік құқық бұзушылықтар – мұндай жағдайларда сабыр сақтап, мәселені заң аясында шешу – әр инспектордың кәсіби парызы.

– Диас – алғыр, жауапкершілігі жоғары жас маман. Біз секілді тәлімгерлердің басты міндеті – жас кадрларға дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Себебі олардың бойындағы жалын – болашақ ел тыныштығының кепілі, – дейді полиция майоры Қайрат Кәрімов.

Жас маман мен тәжірибелі тәлімгердің бір күндік қызметі – сенім мен сабақтастықтың жарқын көрінісі. Ал халықпен етене араласып, әр адамның жанайқайына бейжай қарамау – учаскелік полиция қызметінің басты қағидаты. Бұл – ерлік пен мейірімділікті қатар ұстанатын мамандық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру