Алматыда полиция қалта ұрысын ұстады
Алматыда полиция қалта ұрысын ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері қалта ұрлығы бойынша қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы азаматты ұстады. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол — бұрыннан құқық қорғау органдарының назарына ілінген, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі.
Аталған топтың өзге мүшелері бұған дейін анықталып, қамауға алынып, сотқа тартылған болатын. Енді тергеуге іліккен соңғы күдікті де қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Ұсталған азамат Алматы қаласында орын алған бірнеше қалта ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінді. Ол ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып келген. Бүгінде күдікті ұсталып, қоғамнан оқшауланды. Қалта ұрлығы сынды қылмыстардың алдын алу және кінәлілерді анықтау бойынша жұмыстар үздіксіз жалғасады, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің өзге де мүліктік қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауға бағытталған тергеу шараларын жүргізіп жатыр.