Учаскелік инспектор тұрғындарды өрттен құтқарып қалды
Учаскелік инспектор тұрғындарды өрттен құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың 20 сәуірінде Ақтөбе қаласындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында күндізгі уақытта өрт шықты. Апат орнына алғашқылардың бірі болып жеткен – Ақтөбе қаласы полиция басқармасының №3 полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Әлихан Саймағамбетов.
Жағдайды жедел бағалаған инспектор тұрғын үйдің кіреберісін аралап, пәтер есіктерін қағып, тұрғындарды өрт қаупі туралы дереу ескертіп, эвакуациялауға көмектесті. Әсіресе балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға айрықша көңіл бөліп, қою түтінге толған пәтерлерден оларды қолына көтеріп, қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Әлихан Саймағамбетовтің батылдығы мен жедел әрекетінің арқасында адам шығыны орын алған жоқ.
Кейінірек учаскелік инспектор сол үйге қайта оралып, сол күні зардап шеккен тұрғындардың бірінің хал-жағдайын білу үшін арнайы тортпен барып, шынайы жанашырлық танытты. Оның бұл адами әрі жүрекке жылу сыйлаған әрекеті тұрғындардың алғысы мен құрметіне ие болды.
Полиция капитаны Әлихан Саймағамбетовтің бұл қадамы – тәртіп сақшысының қызметі тек заңды сақтау емес, сонымен қатар жүректе мейірім мен жанашырлықты да сақтауға тиісті екенін дәлелдейді.