Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қырағы серіктес: кинолог маманның қызметтегі бір күні

Атырау облысы полиция департаментінде қызмет ететін кинолог маман өзінің қызметтегі бір күні туралы Polisia.kz сайтына баяндап берді.

Қылмыстың алдын алу, дәлелдер табу және із кесу — бұл тәртіп сақшыларының күнделікті қызметіндегі басты міндеттер. Ал осы күрделі процесте кинолог мамандардың атқаратын рөлі ерекше. Олар – арнайы үйретілген иттердің сенімді серігі, жаттықтырушысы әрі әріптесі.

Атырау облысы полиция департаментінің кинологиялық орталығында қызмет атқаратын мамандар күн сайын төрт аяқты серіктерімен жаттығу жұмыстарын жүргізіп, олардың кәсіби дайындық деңгейін үнемі жетілдіріп отырады. Қызметтік иттер есірткі және жарылғыш заттарды анықтау, із кесу, сондай-ақ жоғалған адамдарды табу сынды аса маңызды міндеттерді атқара алады.

— Қызметтік итпен жұмыс — үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты және жануарға деген ерекше ықыласты қажет ететін іс. Ол – жай ғана жұмыс құралы емес, сенің серігің, қылмыс ашудағы сенімді көмекшің, тіпті кейде өміріңді сақтап қалатын жан, — дейді кинологиялық орталықтың кіші инспектор-кинологы Айбар Батыров.

Бүгінде Атырау өңірінде кинологиялық қызметте 11 маман мен 16 қызметтік ит бірлесіп жұмыс істейді. Олардың арқасында есірткі мен заңсыз заттардың айналымына тосқауыл қойылып, талай қылмыс дер кезінде ашылуда. Бұл — кинолог пен оның серігінің үйлесімді еңбегінің жемісі.

Кинолог мамандығы — жанкештілік пен төзімділікті талап ететін сала. Олар ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үнсіз, бірақ нәтижелі еңбек етіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру