Алматы облыстық ПД-ға жаңа қызметтік көліктер берілді
Алматы облыстық ПД-ға жаңа қызметтік көліктер берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекесіне орай, Алматы облысының полиция департаментіне жаңа қызметтік көліктер салтанатты түрде табысталды. Қонаев қаласының орталық алаңында өткен шараға полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрам және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Салтанатты рәсімде Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, адал қызметі үшін алғыс білдіріп, жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті. Бөлімшелер бас-аяғы 31 көлік алды: 20 KIA Cerato, 6 JAC және 5 Chevrolet Cobalt автокөлігі.
Автокөліктер учаскелік полиция инспекторларына арналған. Бұл полицейлердің ұтқырлығын арттыруға, құқық бұзушылықтарға жедел ден қойып, аймақтағы қоғамдық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді.
– Полиция қызметкерлерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" құру және азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімін нығайту жолындағы маңызды қадам. Жаңа қызметтік көліктер тек материалдық қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар полиция қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің маңыздылығының нышаны, - деп атап өтті Мейрам Әбікеев.