Қарағанды облысының тұрғындары жеке куәлікті онлайн форматта алды
Елімізде азаматтарға паспорттар мен жеке куәліктерді беру бойынша жаңа цифрлық қызмет іске қосылды. Енді құжаттарды алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ – бәрі онлайн форматта рәсімделіп, құжат тікелей үйге жеткізіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында алғашқы болып бұл қызметті пайдаланған азаматтарға құжаттарын облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов табыстады.
Алғашқы болып онлайн құжат алғандардың бірі – Анастасия Павлюк өз әсерімен бөлісті.
ХҚКО-да кезек күтіп, уақыт жоғалтпай құжат алу өте ыңғайлы. Барлығы онлайн жасалады, құжатты үйге әкеліп береді. Бұл — өмірімізді жеңілдететін өте жақсы бастама, — деді ол.
Сондай-ақ қызметті пайдаланған Салтанат Жұмағалиева да жаңа жүйенің тиімділігін атап өтті.
Жалпы, жыл басынан бері Қарағанды облысында 14 370 адам құжаттандырылды. Онлайн қызметтің алғашқы күндерінде бұл мүмкіндікті 7 азамат пайдаланды.
Полицейлер тұрғындарды уақытты үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа, заманауи мүмкіндіктерін белсенді қолдануға шақырады.