Алматы облысында биыл есірткі жарнамасы бар 110-нан астам граффити жойылды
Алматы облысында биыл есірткі жарнамасы бар 110-нан астам граффити жойылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы наурыз айынан бастап жұмыс істей бастаған үкіметтік емес ұйымдармен және қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысын қорытындылады.
Кеңестің басты мақсаты – қоғамды, ең алдымен жастарды есірткі қатерінен қорғау жолында полиция, азаматтық сектор мен жастар бастамаларының күшін біріктіру.
Кеңес құрамына 23 адам кіреді: қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер, еріктілер мен салалық қызметкерлері.
Кеңес құрылған сәттен бастап өңір бойынша бірқатар ауқымды іс-шараның үйлестірушісі әрі ұйымдастырушысы болды. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында үнемі алдын алу дәрістері, семинарлар мен кездесулер өткізеді. Бұл кездесулерде жастарға есірткінің зияны туралы айтып қана қоймай, балама жол – спорт, отаншылдық, салауатты өмір салты ұсынылады.
Кеңес жастар жобалары мен бастамаларын белсенді қолдап келеді. “Есірткіге қарсы спорт” ұранымен ондаған турнир ұйымдастырылып, патриоттық және экологиялық акциялар өткізілді. Есірткіге қарсы бейнероликтер түсіріліп, мектеп оқушылары, студенттер мен әскери қызметшілердің қатысуымен 20-дан астам жаппай шара өтті. Мұндай жобаларға қатысу – жастарға ізгілікті, жауапкершілікті және рух күшін таңдауға көмектеседі.
Қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, облыс қалалары мен ауылдарында есірткі жарнамасы бар граффитилерді бояу акциялары өтті. Шара барысында 110-нан астам жазба жойылды. Бұл – тек визуалды үгітке қарсы күрес қана емес, қылмыстық идеологияға төзбеушіліктің және таза, қауіпсіз ортада өмір сүруге деген ұмтылыстың айқын белгісі.
Кеңестің жұмысы – бір реттік шара емес, бұл жүйелі алдын алу жұмысы. Бұл – диалог, сенім және полиция мен қоғам арасындағы нақты әріптестік. Ең бастысы – бұл нәтиже. Әрбір іс-шара, әрбір тартылған оқушы мен студент – есірткісіз өмірді саналы түрде таңдаған жастардың көбеюіне жол ашады.