Павлодарлықтар "Police 102" көп арналы қосымшасы арқылы полицияға жиі жүгінеді
Павлодарлықтар "Police 102" көп арналы қосымшасы арқылы полицияға жиі жүгінеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Police 102" мобильді қосымшасы — қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда тиімді құралға айналуда. Қосымша арқылы жолданған әрбір өтініш тіркеліп, қысқа мерзім ішінде тексеру жүргізіледі.
Фото және бейнематериалдарды жолдау мүмкіндігі – жедел әрекет етуді айтарлықтай жеделдетеді. Мысалы Павлодар қаласының тұрғыны мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тұрақ орнында ереже бұзып тұрған автокөліктің суретін жіберген. Нәтижесінде сол күні-ақ көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ Баян батыр көшесінде жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылғанын көрсеткен бейнематериал келіп түсті. Онда жүргізуші жолда апатты жағдай туғызып, жүріп келе жатқан көліктің алдына кенеттен шыққан. Бұл дерек бойынша да құқық бұзушы жедел түрде жауапкершілікке тартылды.
– "Police 102" қосымшасы арқылы бейне және аудио қоңырау шалуға, мәтіндік хабарламалар мен файлдар жіберуге болады. Жыл басынан бері Павлодар облысының 193 тұрғыны осы қосымшаның көмегімен полицияға жүгінді. Өтініштердің басым бөлігі – жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына қатысты. Нәтижесінде 107 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді облыстық полиция департаменті.
Қосымшаны Android құрылғыларына Google Play, ал iOS платформасына App Store дүкені арқылы жүктеп алуға болады.