Павлодар полициясы тұрғындар мен қонақтарды сауалнамаға қатысуға шақырады
Павлодар полициясы тұрғындар мен қонақтарды сауалнамаға қатысуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың, әсіресе отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қоғаммен тығыз жұмыс істеуді жалғастыруда. Тәртіп сақшылары бұл саладағы заңбұзушылықтардың алдын алу кешенді әрі әр азаматқа жеке көзқарасты қажет ететін маңызды үдеріс екенін атап өтеді.
Қазіргі таңда полиция қызметіне күн сайын отбасылық жанжалдарға қатысты хабарламалар келіп түсуде. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен республика көлемінде арнайы зерттеу жүргізілуде.
– Біз азаматтарды бірнеше минут бөліп, көрсетілген QR-код арқылы сауалнамаға қатысуға шақырамыз. Сауалнама толығымен анонимді – жеке деректер талап етілмейді. Әрбір шынайы жауап отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шаралардың тиімділігін арттырып, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға сеп болады. Сауалнаманы кейінге қалдырмай, шынайы әрі адал жауап берулеріңізді сұраймыз. Бұл бірнеше минут уақытыңызды ғана алады, – дейді полиция қызметкерлері.
Сауалнама нәтижелері құқық қорғау органдарына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдарын талдауға, сондай-ақ қоғамның осы мәселе бойынша құқықтық сауаттылық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Сауалнама аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтары арасында ақпараттық-аналитикалық жұмыс жүргізуде.