Жол ережесін бұзғанға – тосқауыл: Қостанайдағы жасырын патрульдеу нәтижесі
Полиция Қостанай облысындағы жасырын патрульдеу нәтижесі туралы айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу, әсіресе елді мекендерден тыс жерлерде жылдамдықты арттыру – жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі саналады. Мұндай апаттар өкінішке қарай, ауыр салдарға әкеліп жатады.
Осыған байланысты Қостанай облысының полиция қызметкерлері жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Солардың бірі – жасырын патрульдеу. Арнайы белгілері жоқ қызметтік көліктер көлік ағынында жүріп, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейді. Бұл әдіс құқық бұзушылықты алдын ала анықтап, жүргізушілердің тәртіпті болуына ықпал етеді.
Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, мұндағы басты мақсат – айыппұл салу емес, алдын алу. Осыған орай, елді мекендерден шығар жолдарда жүргізушілерге жасырын патрульдердің барысы туралы ескертіледі. Сонымен қатар олар жолда абай болуға, жылдамдықты шектен асырмауға және ережелерді сақтауға шақырылады.
Мұндай шаралар өз нәтижесін беруде: жыл басынан бері Қостанай облысында 10 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталып, жолы кесілді.
Бұл көрсеткіш — қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және олардың әрі қарай жалғасуының маңыздылығын айғақтайды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, барлық жүргізушілердің ортақ міндеті. Абыройлы әрі қауіпсіз жол — әрбіріміздің сақтығымыз бен тәртіпке деген жауапкершілігімізден басталады.