Астанада полицейлер велосипед ұрлығымен күресті күшейтті
Астанада полицейлер велосипед ұрлығымен күресті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде велосипед ұрлығына қатысты бірнеше қылмыстық іс ашылды.
Анықталғандай, 26 жастағы азаматша күндізгі уақытта Богенбай батыр даңғылы бойындағы үй ауласынан велосипедті арқанынан қиып, жасырын түрде алып кеткен. Бұл әрекет салдарынан жәбірленушіге 100 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы екі ұрлық дерегіне қатысы бар екені анықталды.
Сонымен қатар Есіл аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын 85 мың теңге тұратын Lenak велосипеді ұрланғанын хабарлады. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу үй ауласынан оның көлігін заңсыз иемденіп кеткен.
Жедел шаралар нәтижесінде полицейлер күдіктіні ұстады. 20 жастағы курьер жігіт түнгі уақытта жұмыстан қайтып келе жатып, Бөкейхан көшесіндегі аулада тұрған велосипедтің құлпын кесіп, айдап кеткенін мойындады. Бұл факті бойынша да қылмыстық іс тіркелді.
Айта кету керек, жыл басынан бері елордада 250-ден астам велосипед ұрлығы тіркелген. Жаз мезгілінде велосипед, скутер және балалар арбаларын ұрлау деректері күрт көбейіп отыр.
Осыған байланысты Полиция азаматтарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді:
Велосипедтердің рамасына арнайы таңбалар қойып, белгілеу;
Көлік құралдарын кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында немесе бейімделмеген орындарда қараусыз қалдырмау;
Сенімді құлыптарды, әсіресе U-тәрізді берік құлыптарды пайдалану.
Құқыққа қайшы әрекеттерден зардап шеккен азаматтарға Астана қалалық полиция департаментіне мына мекенжай бойынша жүгінуге болады:
Сәкен Сейфуллин көшесі, 37 немесе келесі телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады: 8 (7172) 71-63-26, 71-60-28, сондай-ақ 102 нөмірі тәулік бойы қолжетімді.