Павлодарда киберполицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша дәріс өткізді
Павлодарда киберполицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша дәріс өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының орталық стадионында облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ақпараттық технологияларды қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Шараның басты мақсаты — халықтың, әсіресе жастардың құқықтық әрі қаржылық сауаттылығын арттыру және цифрлық қауіпсіздікке қатысты тұрақты дағдыларды қалыптастыру. Полицейлер тұрғындармен күнделікті кездесіп, интернет-алаяқтардың қақпанына түспеу үшін практикалық кеңестер беруді дәстүрге айналдырған.
Киберқылмыстың нақты мысалдары бүгінгі күні "Ертіс" футбол клубының жас ойыншыларымен өткен кездесуде кеңінен түсіндірілді.
— Қазіргі таңда киберқылмыскерлер жастарды алдап, жеңіл жолмен табыс табуға үгіттеп, өз мақсаттарына пайдаланады. Біз бұл жайында ашық айту үшін келдік. Есте сақтаңыздар, қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Мәселен, біреу сізден банктік картасы бұғатталды деп көмек сұрап, "ағайға" ақша аударуға жәрдемдесуіңізді өтінуі мүмкін. Осылайша сіз өз картаңызды пайдалануға рұқсат бересіз. Ал уақыт өте келе дропер ретінде қылмыстық іске тартылып кетуіңіз ғажап емес, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сүйіндік Қайырбаев.
Кездесу барысында спортшыларға кең тараған алаяқтық әдістер — жалған сайттар, бот-банкирлер, криптовалюта арқылы жасалатын қулықтар мен жеке деректерді ұрлау тәсілдері туралы кеңінен айтылды. Полицейлер шынайы сервистер мен фишингтік шабуылдарды қалай ажыратуға болатынын, жеке ақпаратты неге ешкімге беруге болмайтынын және алаяқтыққа тап болған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігін де түсіндірді.
Цифрлық дәуірде әрбір азаматтың сақ әрі сауатты болуы — қауіпсіздіктің кепілі. Сол себепті тәртіп сақшылары жастарды ақпараттық қауіптерге бейжай қарамауға, жеке деректерін қорғауға және күмән тудыратын кез келген әрекет туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырды.
Мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Себебі киберқылмыспен тиімді күрес жүргізу – қоғам мен полиция арасындағы тығыз серіктестікке негізделуі тиіс.