Қостанайда жылдам қимылдайтын арнайы жасақ ардагерлері жеке құраммен жүздесті
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ ардагерлері жеке құраммен жүздесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта ардагерлер мен қазіргі қызметтегі жеке құрамның рухани маңызы зор кездесуі өтті. Бұл тағылымды шара бөлімшенің тарихы мен дәстүріне деген құрметті айқындап, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың үзілмес жібін жалғады.
Салтанатты жиын Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталып, жауынгерлердің саптық алаңда әсем қадаммен маршта өтуімен жалғасты. Жеке құрам осылайша жинақылық пен тәртіптілікті, сондай-ақ антқа адалдықты паш етті.
Кездесудің мәнді сәттерінің бірі – ардагерлердің жас буын қызметкерлерімен еркін әңгімесі болды. Кеше ғана сапта жүріп, бүгінде тәжірибесімен бөліскен ардагерлер елге қызмет еткен жылдарындағы естеліктерін ортаға салып, полицияның қоғамдағы орны, патриотизм мен азаматтық борыштың маңызы туралы тағылымды ойлар айтты. Бұл сөздер қызметтік жолын жаңа бастаған жас сақшылар үшін нағыз өмірлік өсиетке айналды.
Құрметті қонақтар бөлімшенің тұрмыс-тіршілігімен танысып, тарих беттерін жаңғыртқан ретрофотосуреттерді тамашалады. Бұл жәдігерлер жауынгерлік дәстүрдің бастауы – тәртіп сақшыларының ерлігі мен абыройының айқын айғағы болды.
Осындай кездесулер бірлік пен рухани сабақтастықты нығайтып қана қоймай, полиция қызметі – жай ғана мамандық емес, ол әрдайым көмекке ұмтылатын дайындықты, адалдық пен батылдықты қажет ететін өмірлік миссия екенін тағы бір мәрте еске салады.