Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлығының алдын алу: полиция кеңестері

Ауылдық жерлерде жиі кездесетін және қоғамға елеулі зиян келтіретін қылмыстардың бірі – мал ұрлығы, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің деректеріне сәйкес, жыл басынан бері өңірде 31 мал ұрлығы тіркелген. Мал жаю ережесін бұзғаны үшін 1092 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері мал мен ет өнімдерін тиісті құжатсыз тасымалдаудың 125 фактісінің жолын кесті.

– Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру аясында криминалдық полиция басқармасы халық арасында мал ұрлығының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде, – деді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Талдау көрсеткендей, мал ұрлығының басым бөлігі иелері қараусыз қалдырған жайылымдардан немесе шаруашылық құрылыстарынан орын алады. Көп жағдайда мал иелері өз мүлкіне жеткілікті деңгейде мұқият қарамай, малды үй іргесінде немесе ауыл маңында күндіз де, түнде де қараусыз қалдырады.

Полицейлер ұрлықтың алдын алу үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді.

Мал жайылымда ешқашан қараусыз қалмауы тиіс. Бақташы жалдау шығыны ұрланған бір ғана сиыр немесе жылқыдан келетін залалдан әлдеқайда аз.

Жайылым маңында пайда болған бөгде көліктер мен бейтаныс адамдарға назар аударып, олардың белгілерін есте сақтаған жөн. Қажет болса, ұялы телефонға түсіріп, көліктің тіркеу нөмірін, маркасын және түсін есте сақтап, полицияға хабарлау қажет.

Мал жоғалғаны анықталған бойда дереу полицияға хабарласу маңызды. Мұндай қылмыстарды "ізін суытпай" ашу әлдеқайда жеңіл.

Әрбір мал иесі үй шаруашылығындағы жануарларды есепке алып, таңбалау немесе чиптеу шараларын жүргізгені жөн. Бұл ұрланған малды анықтауды жеңілдетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру