Таразда жастарды есірткіден сақтандыру мақсатында әлеуметтік эксперимент ұйымдастырылды
Тараз қаласында жастардың есірткінің зияны туралы кеңінен насихаттау және нашақорлықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік эксперимент ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұйымдастырушылар — Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері, Жамбыл психикалық денсаулық орталығы және Тараз қаласының жастар ресурстық орталығы.
Іс-шара аясында қала жастарына психикалық денсаулық орталығы ғимаратында ерікті түрде наркоскринингтен өту ұсынылды. Мақсат – қатысушыларды тексеруден өткізу ғана емес, сонымен қатар оларға тіркеуден бастап нәтижелерді алуға дейінгі бүкіл тесттен өту алгоритмін көрсету болды. Осылайша жастар процедурамен көзбе-көз танысып, оның қолжетімділігі мен маңыздылығын түсінді. Эксперимент барысында жастардың хабардарлығына ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылармен сұқбат кезінде олардың көпшілігінің есірткінің адам ағзасына зиянды әсері туралы жақсы білетіні анықталды. Бұл профилактикалық жұмыс пен насихаттың оң динамикасын көрсетеді. Скрининг жүргізу үшін заманауи 8 жолақты наркотесттер қолданылды.
Бұдан бөлек, Жамбыл психикалық денсаулық орталығы базасында заманауи газдық хроматограф жұмыс істейді. Бұл – биологиялық үлгілерді талдауға және есірткі заттарының іздерін де дәл анықтауға мүмкіндік беретін жоғары дәлдікті құрал. Осындай акцияларды өткізу жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және нашақорлыққа қарсы қоғамдық иммунитетті нығайтуға зор ықпал етеді.