Қызылорда облысында сотталғандарға құқықтық көмек көрсетілді
Қызылорда облысында сотталғандарға құқықтық көмек көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында қылмыстық-атқару жүйесінің №60 мекемесінде ерекше шара өтті. Бүгін облыс прокуратурасының бастамасымен жазасын өтеушілерге құқықтық көмек көрсету мақсатында "Ашық есік" күні ұйымдастырылды.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау және жеке сұрақтарын шешуге мүмкіндік беру болды.
Іс-шараға облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, ҚАЖ департаментінің бастығы Шаймерден Тәжіқұлұлы, сондай-ақ Әділет департаментінің, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдігінің, Денсаулық сақтау басқармасының, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, облыстық адвокаттар алқасының, Көші-қон қызметінің және "Еңбек-Қызылорда" филиалының өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда аталған түзеу мекемесінде 800-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. "Ашық есік" күні барысында сотталғандар қылмыстық істері мен жаза мерзімін жеңілдету, құжат рәсімдеу, мекеме аумағында кәсіпкерлікпен айналысу, некеге тұру, денсаулық сақтау, сондай-ақ атқару парақтарына қатысты сұрақтарын қойды.
Әр сала мамандары оларға заң шеңберінде толыққанды түсініктемелер беріп, құқықтық әрі әлеуметтік кеңес ұсынды.
Сотталғандардың бірі шарадан алған әсерімен бөлісті:
- Мен бүгін денсаулығыма байланысты сұрақпен келдім. Көзім нашар көретін еді, мамандар қажетті кеңестерін берді. Шын жүректен ризамын. Қажет болса, заңгерлерге немесе электронды терминал арқылы тағы да сұрақ қоюға мүмкіндігіміз бар екен, – деді ол.
Мұндай бастамалар сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өз мәселелерін заң аясында шешуіне жол ашады. Бұл – қоғамға қайта оралуға жасалған сенімді қадамдардың бірі.