Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясы электровелосипедтерді тіркеудің маңыздылығын түсіндірді

Алматы полициясы электровелосипедтерді тіркеудің маңыздылығын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы жылдары Алматы қаласында электровелосипедтер саны айтарлықтай артты. Бұл көліктің танымалдығы оның қолжетімділігімен, экологиялық тазалығымен және қалалық жағдайда пайдалану ыңғайлылығымен түсіндіріледі.

Дегенмен, кейбір тұрғындар электровелосипедтерді мопедтің баламасы ретінде қолданып, тіркеу талаптарын орындаудан жалтарып жүр.

Қазіргі заманғы электровелосипедтердің көпшілігі сағатына 40–45 шақырым жылдамдықпен қозғалып, 400 ватттан жоғары қуатқа ие. Мұндай техникалық сипаттамалар заңда белгіленген шекті нормадан асып түседі және бұл көліктерді автоматты түрде мопед санатына жатқызады. Осыған сәйкес олар міндетті түрде тіркеліп, техникалық паспорты, мемлекеттік нөмірі және сақтандыру құжаты болуы тиіс.

- Азаматтардың электровелосипедке деген қызығушылығын түсінеміз. Алайда заң бойынша қуаты 250 ватттан жоғары және жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын көліктер мопед санатына кіреді. Сондықтан оларды қоғамдық жолдарда тіркеусіз жүргізуге болмайды. Бұл талаптар тек қауіпсіздік шараларына ғана емес, сонымен қатар иелерінің құқығын қорғауға да қатысты: тіркеу меншік құқығын растайды және көлік ұрланған немесе жоғалған жағдайда оны иесіне қайтаруды жеңілдетеді, – деді Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай көліктердің тіркеусіз жүруі жол қозғалысы инфрақұрылымына салмақ түсіріп, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болуы мүмкін.

Сондықтан электровелосипедтерді тіркеу – ең алдымен жолдағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды шарты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру