Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда түнгі жартылай марафонға мыңнан астам адам қатысты

Көкшетауда түнгі жартылай марафонға мыңнан астам адам қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

23 тамызда Көкшетауда ерекше спорттық шара – еліміздегі жалғыз түнгі "Көкшетау жалындары" жартылай марафоны өтті. Биылғы жылы бұл мерекелік шара екінші рет ұйымдастырылып, Көкшетау, Астана, Қарағанды және Қостанай қалаларынан келген мыңнан астам спорт әуесқойын біріктірді.

Түнгі формат қатысушыларға ерекше әсер сыйлады: күн батқаннан кейін бастау алған марафонда жарықтандырылған көшелер, қаланың әсем көріністері мен жанкүйерлердің қолдауы ұмытылмас атмосфера қалыптастырды.

- Жартылай марафон – тек спорттық жарыс қана емес, ол спорт пен бірліктің шынайы мерекесі. Біз қаламыздың сұлулығын жаңа қырынан көрсете алғанымызға және көптеген жүгіру жанкүйерін жинай алғанымызға қуаныштымыз, – деді cпорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин.

Жартылай марафон Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтіп, спорттың біріктіруші күшінің жарқын үлгісіне айналды.

Жарыс барысында салауатты өмір салтын насихаттауға және есірткінің зияны туралы ақпараттық жұмыс жүргізуге ерекше көңіл бөлінді. Құқық қорғау органдары жарыстың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етумен қатар, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның басты мақсаты – белсенді өмір салтын дәріптеу, азаматтардың спортқа қызығушылығын арттыру және салауатты қоғам қалыптастыру.

Спорттық мереке Ақмола облысы әкімдігінің, полиция департаментінің, сондай-ақ серіктестер мен демеушілердің қолдауымен өтті. Олардың қатарында "Aqua Burabay", "Гормолзавод", спорттық киімдер мен аксессуарлар дүкендері, "Discovery" кофеханасы, ЮНИФЕС еріктілері және басқа да ұйымдар бар.

Барлық санаттағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктар, медальдар, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мәреге жеткен әрбір қатысушыға естелік медаль табысталды.

Ұйымдастырушылар "Көкшетау жалындары" түнгі жартылай марафонын жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналдырып, қаланың айрықша спорттық брендіне айналдыруды көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру