Ақтөбе облысында бостандыққа шыққан азаматқа құқықтық көмек көрсетілді
Ақтөбе облысында бостандыққа шыққан азаматқа құқықтық көмек көрсетілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 23 маусымдағы “Рақымшылық туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес елімізде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай рақымшылық жүргізілуде.
Осыған байланысты Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №70 мекемесінде рақымшылыққа іліккен алғашқы сотталған азамат бостандыққа шықты. Бұл сәт ол үшін күтпеген әрі қуанышты оқиға болды. Мекеме алдында оны жақындары қарсы алып, ерекше толқынысқа бөленді.
Рақымшылықтың басты мақсаты – қылмыстық саясатты ізгілендіру, сотталғандардың әлеуметтік бейімделуін жеңілдету, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде және пробация қызметінде есепте тұрған адамдар санын азайту.
Мамандардың айтуынша, рақымшылық заңы – тек құқықтық қадам емес, сонымен қатар гуманитарлық мәнге ие. Бұл шешім арқылы мемлекет азаматтарына кешірім мен жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай қадам түрмеде отырған адамдарға ғана емес, олардың отбасыларына, әсіресе балаларына оң әсерін тигізеді.
— Рақымшылық — тек құқықтық акт емес, бұл — азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілік. Бостандыққа шыққан әрбір азамат қоғамның бір бөлшегі. Мемлекет мүмкіндік берсе, қоғам қолдау білдірсе, ал жеке тұлға өз өмірін қайта құруға талпынса, бұл кешірімнің шынайы мағынасы айқындалады. Сенімге негізделген осындай қадамдар ғана әлеуметтік тұрақтылық пен әділеттіліктің негізі бола алады, — деді арнайы контингент арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің жасақ бастығы Ырысбек Мақсат.
Рақымшылық актісі аясында сотталғандардың жазасын жеңілдету немесе мерзімінен бұрын босату қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді арттыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етпек.