Жетісу облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кең ауқымды акция өтті
Жетісу облысы Ескелді ауданында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кең ауқымды акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Конституция күніне орай Ескелді аудандық полиция қызметкерлері аудан прокуратурасымен, жергілікті атқарушы органдарымен және "Лидер.кз" еріктілер ұйымымен бірлесіп Қарабұлақ ауылында "Интернет-алаяқтыққа жол жоқ" атты кең ауқымды акция ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты – тұрғындарды интернет алаяқтарының жиі қолданатын әдіс-тәсілдерімен таныстырып, киберқылмыстың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру.
Акция аясында полицейлер мен еріктілер сауда орындарын, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындар мен тұрғын үйлерді аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ интернеттегі қауіптерден қорғану жолдары туралы мәлімет беретін мыңнан астам брошюра таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар заңдылықты сақтау мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.