Жетісу өңірінің бас полицейі талдықорғандық оқушылармен кездесті
Жетісу өңірінің бас полицейі талдықорғандық оқушылармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім күні Жетісу облысының бас полицейі Талдықорған қаласындағы Абай атындағы мектепке барып, оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Жетісу облысы бойынша осы күні 303 мектеп өз есігін айқара ашты. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 450 полиция қызметкері жұмылдырылды. Негізгі міндет – мерекенің ешбір оқыс оқиғасыз өтуіне жағдай жасау. Құқық қорғау органдары балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлуде.
- Жас қазақстандықтарды қорғау – біздің басты міндетіміз. Әсіресе жаңа оқу жолын бастаған осындай жауапты күні олардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрады, – деп атап өтті өңірдің бас полицейі.
Айта кетейік, полиция қызметкерлері жаңа оқу жылында қоғамдық тәртіпті күшейтілген түрде қадағалады. "Заң мен тәртіп" қағидатын ұстанған тәртіп сақшылары тек мектеп аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, профилактикалық акция да өткізді. Оқушыларға ойыншық полиция көліктері мен жолда жүру ережелері жазылған үш тілдегі түрлі-түсті бояулар табыс етілді.
Сонымен қатар полицейлер балаларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, көшеде сақ болудың маңызы мен жаяу жүргінші ретінде тәртіпті сақтау қажеттігін айтты. Мұндай іс-шаралар оқушылардың бойында кішкентай кезден қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және полицияға сенім артуға ықпал етеді. Білім күні әрбір бала үшін жаңа оқу жылының бастамасы ғана емес, қауіпсіздік сабағы да болды.