"Учаске" ЖПІШ: Қостанайда тұрғындардың мәселелері тікелей тыңдалды
Қостанайда "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері тұрғындармен тікелей жүздесу дәстүрін жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көпқабатты үйлердің аулаларында өтетін мұндай кездесулер халықтың күнделікті мәселелерін талқылап қана қоймай, полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етіп отыр.
Кезекті кездесу Садовый көшесі, 79 мекенжайындағы аулада өтті. Жиналған ондаған тұрғын Қостанай қалалық полиция басқармасының бастығы Болат Имановпен ашық әңгімелесті. Бұл – осындай форматтағы алтыншы кездесу.
— Мұндай жиналыстар ресми шара емес. Біз мәселелерді тыңдап қана қоймай, оларды шешу үшін келеміз. Полицияның міндеті – халықтың жанында болып, олардың шынайы өмірін білу, – деді Болат Иманов.
Кездесу барысында тұрғындар аула абаттандыру, қоғамдық қауіпсіздік, жаяу жүргіншілер өткелін орнату, ит серуендету ережелері, түнгі патруль және тыныштықты сақтау мәселелерін көтерді.
Әсіресе, ауланы көлік үшін "өтпелі жол" ретінде пайдалану проблемасы өзекті болып шықты. МИБ төрайымы Наталья Медведева балалар мен қарттардың қауіпсіздігі үшін "жол кедергісін" орнату қажеттігін атап өтті.
Кездесуде телефон және интернет-алаяқтық тақырыбы да қозғалды. Полиция басшысы соңғы мысалдарды келтіре отырып, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндірді.
— Мұндай кездесулер тек ағымдағы мәселелерді шешіп қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алуға да мүмкіндік береді. Біз халықты тікелей әрі сенімді форматта ақпараттандыруға тырысамыз, – деді Болат Иманов.
Жиын соңында қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді атсалысқан бірнеше қала тұрғыны алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – полиция тарапынан азаматтық бастамаларға деген құрметтің белгісі.
Жиналғандар да оң көзқарастарын білдірді.
— Бұрын полицияға жету қиын сияқты көрінетін. Ал қазір олар өздері арамызға келіп, мәселемізді тыңдайды. Бұл біз үшін үлкен өзгеріс, – деді тұрғындардың бірі.
Қостанайда полиция мен халық арасындағы тікелей диалог дәстүрге айналып келеді. Ашықтық пен сенімге негізделген бұл формат тұрғындардың да көңілінен шығып отыр.