"Учаске" шарасы барысында пәтерді жалға берушілердің заңсыз әрекеттері әшкереленді
Павлодар облысы аумағында "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның басты мақсаты – проблемалық мәселелерді зерделеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әкімшілік аумақтағы халықпен тығыз байланыс орнату, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалға берілетін пәтерлерді тексеру барысында учаскелік инспекторлар тұрғын үйді жалға беру ережелерін бұзған 269 пәтер иесін анықтады.
– Мәселен, Павлодар қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде ішімдік ішіп, қатты шулағандар туралы тұрғындардан шағым түсті. Шақыруға келген полиция қызметкерлері пәтердің жалдамалы екенін, ал оның иесі тиісті тіркеуден өткізбегенін анықтады. Тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, пәтер иесі жөнінде салық органдарына хабарлама жолданды, – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаменті.
Ведомствоның хабарлауынша, "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін жалғасады. "Заң мен тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған ішкі істер органдарының қызметінің негізі болып қала бермек. Құқық бұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді.