Көкшетауда студент жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде
Көкшетауда студент жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетауда полицейлер жергілікті жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен кездесіп, қазақстандық заңнамадағы соңғы өзгерістерді түсіндіруде.
24 қыркүйекте осындай кездесулердің бірі Жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжінде өтті. Басқосуда негізгі тақырып ретінде никаб пен бетті толық жабатын өзге де киімдерді киюге тыйым салу жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулер талқыланды. Шараға Дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру жұмысы жөніндегі маманы, дінтанушы Рүстем Қошмағамбетов пен Көкшетау қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі Нұржан Амангелді қатысып, түсіндірме жасады.
Жастардың құқықтық сауатын арттыру және діни заңнама саласында білімін кеңейту мақсатында дінтанушы маман қазіргі діндердің тарихына, түрлі конфессиялардың ерекшеліктеріне, діннің әлеуметтік қырларына тоқталып, зайырлы мемлекет ұғымының мәнін түсіндірді. Сондай-ақ студенттерге заңнамадағы соңғы өзгерістер – никаб пен бетті тұтас жабатын киімдерге тыйым салу нормасы тағы да еске салынды.
Полицейлердің айтуынша, бұл түзетулердің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына зиян келтірмей адамдарды сәйкестендіруді жеңілдету және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Құқық қорғау органдары заңнаманың жаңа нормаларын түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді. Арнайы мобильді топтар қажетті ақпаратты тек студент жастарға ғана емес, еңбек ұжымдарына да жеткізеді. Сонымен қатар полицейлер көпшілік жиналатын орындарда түсіндірме шараларын өткізіп, интернет-ресурстар арқылы ақпараттық материалдар таратады.
Айта кетейік, полиция алдағы уақытта өңірдегі өзге оқу орындарында да осындай кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.