Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында учаскелік полиция инспекторы жалғызбасты қарияға дер кезінде көмек көрсетті

Абай облысы Жарма ауданында учаскелік полиция инспекторы Эльдар Гарифуллин жалғызбасты қарияны тығырықтан шығарып, дер кезінде көрсеткен көмегімен тұрғындардың алғысына бөленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысының Жарма ауданына қарасты Шар қаласында "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тұрғын үйлерді аралап жүрген учаскелік полиция инспекторы Эльдар Гарифуллин күтпеген оқиғаға тап болды.

Тексеру барысында ол жалғыз тұратын 83 жастағы қарияның үйінен шыға алмай, көмекке зәру күйде отырғанын байқайды. Қарияның айтуынша, үйдің сыртқы есігінің құлпы кенеттен сынып қалып, өзі іште қамалып қалған. Денсаулығының әлсіреуіне байланысты есікті өздігінен аша алмаған ол біраз уақыттан бері сыртқа шыға алмай отырған.

Жағдайды бірден түсінген тәртіп сақшысы қол қусырып тұрмай, дереу әрекетке көшті. Құрал-саймандарды алып келіп, құлыпты ашуға кіріскен сәтте оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің мамандары да жетті. Полиция мен құтқарушылардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде есіктің істен шыққан құлпы бұзылып, санаулы минуттар ішінде қария сыртқа шығарылды.

Абырой болғанда, ол медициналық көмекті қажет етпеді. Алайда, полиция инспекторы Эльдар Гарифуллин бұзылған құлыпты жаңасымен ауыстырып, есікті толықтай қалпына келтірді. Оның шынайы жанашырлықпен жасаған бұл игі ісі көршілердің де жүрегіне жылу ұялатып, зор алғысқа бөленді.

Қария көмек қолын дер кезінде созған тәртіп сақшысына ризашылығын білдіріп:

- Бұл күн мен үшін ауыр әрі тосын жағдай болды. Дегенмен Эльдар секілді азаматтардың барын көріп, өзімді қорғансыз сезінбедім. Осындай қиын сәтте жанашырлық танытып, көмектескені үшін шексіз алғыс айтамын, – деп ағынан жарылды.

Учаскелік инспектордың жедел шешім қабылдауы мен кәсіби әрекеті қарапайым тексеріс үстінде өмірлік маңызы бар көмекке ұласып, адамгершіліктің жарқын үлгісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру