Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Атырау – есірткісіз қала": жастардың көзқарасын анықтауға бағытталған әлеуметтік эксперимент өтті

Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өңірлік профилактика кеңесімен бірлесіп, халық көп жиналатын орындардың бірі – Жастар саябағында ерекше әлеуметтік эксперимент ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәжірибе барысында тәртіп сақшылары жуылатын бояумен есірткі жарнамасына ұқсас жалған жазбалар қалдырып, тұрғындардың реакциясын бақылауды мақсат етті. Негізгі міндет – қоғамды күдікті жағдайға бейжай қарамауға шақырып, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлау мәдениетін қалыптастыру.

Эксперимент қорытындысында жазуларға назар аударған тұрғындар оны салып жатқан адамға жақындап, мән-жайын сұрағанымен, бұл туралы полицияға хабарламаған және әлеуметтік желілерде жария етпеген. Бұл жайт азаматтардың қырағылығы барын көрсеткенімен, заңды арнаға бағыттау тәжірибесінің әлі де жеткіліксіз екенін айғақтады.

Жыл басынан бері Атырау облысы полиция департаменті 75-тен астам есірткіні жарнамалаған граффити жазуларын өшіріп, 800-ге жуық интернет-ресурсты бұғаттаған. Алдағы уақытта осындай әлеуметтік тәжірибелер тұрақты түрде өткізіліп, тұрғындардың құқық қорғау органдарына хабар беру белсенділігін арттыруға ықпал етпек.

Эксперименттен кейін саябақ аумағындағы барлық жазбалар толықтай өшіріліп, аумақ бастапқы қалпына келтірілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру