Қоғам тыныштығы – күнделікті еңбектің жемісі
Қоғам тыныштығы – күнделікті еңбектің жемісі. «Учаске» республикалық іс-шарасы аясында ел ішінде бейбіт өмірді қамтамасыз етіп жүрген учаскелік инспекторлардың еңбегі ерекше. Солардың бірі – жас та болса, жауапкершілігі жоғары Бақыт Ескелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыркүйектің алғашқы күнінен бастап қарашаның соңына дейін елімізде "Учаске" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған іс-шара қарапайым халықтың бейбіт өмірін қорғауға бағытталған жүйелі жұмыс.
Сол еңбектің алдыңғы шебінде – жас та болса, жауапкершілігі биік Бақыт Ескелді тұр. 29 жасында егіз қыздың әкесі атанған ол отбасындағы әкелік міндеті мен ел алдындағы қызметін қатар абыроймен атқарып жүр.
Ескелдінің бір күндік жұмысы қару иелерін тексеруден басталды. Нәтижесінде өзіне тиесілі аймағы бойынша 20-ға жуық қару иесі бақылаудан өтіп, заң бұзған екі азамат жауапқа тартылды.
Ауыл ішінде иесіз жүрген мал да қоғамға қауіп төндіреді. Осы бағытта инспектор мал иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұл – бір күннің ғана нәтижесі. Ал осындай күнделікті адал еңбек қоғам тыныштығы мен халық сенімінің кепілі екені сөзсіз.