Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада дағдарысқа тап болған отбасыларды қолдау мәселесі көтерілді

Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы полиция департаментінде ҚР Ішкі істер министрлігі, прокуратура, сот жүйесі, жергілікті атқарушы органдар мен әкімдік жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті.

Басқосудағы негізгі тақырып – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессивті мінез-құлық танытқан адамдарды оңалту бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту болды.

Кеңес барысында соттардың міндетті психологиялық түзету бағдарламаларын қолдану тәжірибесін кеңейту, дағдарысқа тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға көмек көрсету тетіктерін жетілдіру қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ мобильді топтардың жұмысын жүйелеу, олардың іс-қимыл алгоритмін нақтылау мәселелері қарастырылды.

Мұндай шаралар:

қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде қолдау көрсетуге,

құқыққа қайшы мінез-құлықтың түпкі себептеріне кешенді ықпал етуге,

қайталама әрі ауыр құқық бұзушылықтардың алдын алуға,

азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Кеңес қорытындысында бұл мәселені шешу тек барлық мемлекеттік құрылымдардың үйлесімді әрі бірлескен жұмысы арқылы мүмкін екені баса көрсетілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру