Жетісу облысында қауіпсіздікті арттыруға арналған жаңа технологиялар сыналды
Жетісу облысында қауіпсіздікті арттыруға арналған жаңа технологиялар сыналды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын жетілдіру мақсатында заманауи технологиялар сынақтан өткізілді.
Жаңа бастамалардың бірі – полиция мен құтқару бөлімшелерінің сенімді серігіне айналуы көзделген арнайы дрон-жүйе.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары портативті жарықтандыру және хабарлау құрылғысы – G2LS (Ground-to-Light System) жүйесін сынады. Бұл құрылғы бірнеше минут ішінде үлкен аумақты жарықпен қамтып, төтенше жағдай кезінде тұрғындарға жедел ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді.
G2LS жүйесінің негізгі артықшылықтары:
-
апаттық жарық пен дыбыстық, оның ішінде дауыс арқылы хабар тарату мүмкіндігі;
-
арнайы дайындықсыз басқарылатын қарапайым пульт;
-
150 Вт қуаттылық және 20 000 люменге дейін жарық ағыны;
-
қатты жел мен жауын-шашынға төзімділік.
Жүйе көпшілік қатысатын іс-шараларда, профилактикалық рейдтерде, сондай-ақ іздестіру-құтқару жұмыстары барысында тиімділігін көрсетті.
Сынақ кезінде мамандар өзен жағасында шартты түрде "қылмыс орнын" үлгіледі: актерлер "күдікті" рөлінде әрекет етіп, пышақ пен телефонды жасырды, ал су маңына "мәйіт" муляжы орналастырылды. Жарықтандыру жүйесі бар дронның көмегімен барлық "айғақтар" мен "жәбірленуші" муляжы қысқа уақыт ішінде табылды.
Мамандардың айтуынша, бұл технология жоғалған адамдарды іздестіруде, қылмыстарды ашуда және төтенше жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айрықша тиімді. Дронның қуатты жарық ағыны түнгі уақытта да, қиын рельефті аймақтарда да жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе ауқымды іс-шараларда тәртіпті сақтауға, судағы құтқару операцияларын жеделдетуге әрі тұрғындарға уақытылы хабар тарату арқылы дүрбелеңнің алдын алуға ықпал етеді.
Сынақ нәтижелері Жетісу облысындағы қауіпсіздік жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін дәлелдеді.