Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда жаңа "SOS" дабыл түймелері орнатылды

Қостанайда жаңа "SOS" дабыл түймелері орнатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанайда тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа "SOS" дабыл түймелері пайда болды. Бұл құрылғылар құқық бұзушылықтар туралы полицияға жедел хабар беруге мүмкіндік беретін заманауи байланыс құралы.

Жоба — "қадамдық қолжетімді полиция" қағидатын жүзеге асыру және ішкі істер саласын цифрландыруға бағытталған ауқымды бастаманың бір бөлігі.

Алғашқы батырмалар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің жанында және Kostanay Plaza сауда орталығы маңындағы жылы аялдамада орнатылды. Қазір құрылғылар пилоттық режимде сынақтан өтуде: техникалық ақауларды жою, байланыс тұрақтылығын тексеру және әрекет ету жылдамдығын бағалау жүргізілуде.

"SOS" батырмасын басқан сәтте белгі тікелей жедел басқару орталығының "102" арнасына немесе жақын маңдағы полиция бөлімінің кезекші бөліміне түседі. Микрофон арқылы оператор оқиға орнындағы жағдайды тыңдап, қажетті жағдайда патрульді жедел жібере алады.

Орнату орындары кездейсоқ таңдалған жоқ: халық көп жиналатын, оқыс жағдайлар жиі болатын нүктелер — аялдамалар, оқу орындары мен сауда орталықтары.

Жыл басынан бері облыста бұған дейін қойылған "SOS" батырмалары арқылы 13 хабарлама тіркелді. Оның ішінде:

  • 3 хабарлама — Рудный қаласынан,

  • 1 хабарлама — Қостанайдан,

  • 1 хабарлама — Жітіқарадан.

Көп жағдайда дабыл аялдамаларда жатқан мас адамдарға немесе қаңғыбастарға байланысты болған. Олар қоғамдық қауіп төндіргендіктен, құқық бұзушылар арнайы айықтырғышқа жеткізілді.

Жаңа батырмалар — тек заманауи технология ғана емес, азаматтар мен полиция арасындағы жедел әрі тиімді байланыс құралы. Телефон не нөмір іздеп уақыт жоғалтпай, күдікті жағдайды бір батырманы басу арқылы хабарлауға болады.

Көмек қажет болғанда — бір батырма жеткілікті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру