Ақтөбеде тек ВАЗ көліктеріне ұрлыққа түскен азамат ұсталды
Ақтөбеде ВАЗ көлігінің "жанкүйері" ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласында автокөліктерден ұрлық жасау деректерін ашуға бағытталған жедел іс-шаралар барысында 42 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол бірқатар ұрлық жасаған деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметтері бойынша күдікті көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында тұрған көліктерді, негізінен ВАЗ автокөлігін бұзып кіріп, ішіндегі магнитолаларды, кілттер мен көлік иелерінің жеке заттарын ұрлаған. Күдіктінің өзі берген түсініктемесінде, қыркүйек айының басынан бері жеті көліктен ұрлық жасағанын мойындады. Оның айтуынша, ВАЗ көліктерін бұзу оңай болғандықтан, дәл осы маркадағы көліктерді нысанаға алған.
Тергеу барысында ұрланған заттардың бір бөлігі табылып, заттай дәлелдеме ретінде іс материалдарына тіркелді. Қазіргі таңда ұрлық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Полиция қызметкерлері азаматтарға көлік салонында бағалы заттарды қалдырмауды, сигнализация мен ұрлыққа қарсы құрылғылар орнатуды ескертеді.