Астанада жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жалғасуда
Елордада полиция қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен және қала әкімдігімен бірлесіп 30 күндік нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның басты бағыттарының бірі – жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу.
Іс- шара аясында елорданың барлық мектебінде, сондай-ақ бірқатар колледж бен жоғары оқу орындарында іс-шаралар өтті. Солардың ішінде ерекше оқиға – Бейбітшілік және келісім сарайында өткен "Жастар қарсы - бізбен бірге" ұранымен ұйымдастырылған "Zertteme" форумы болды.
Жиынға 8 жоғары оқу орнының, 20 колледждің және 10 мектептің білім алушылары қатысты.
Форум барысында профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, елордалық полицейлер жастарды белсенді азаматтық ұстанымға шақырды. Сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеп, есірткіден бас тарту идеясын қолдайтын танымал тұлғалар сөз сөйледі.
Іс-шара барысында жастар тек кездесулерде ғана емес, практикалық жұмыстарда да белсенділік танытты: студенттер рейдтерге қатысып, есірткі жарнамасы бар граффитидің жазылуын анықтап, тіркеуге көмектесті, осылайша ортақ іске үлестерін қосты.
Полиция профилактикалық шаралардың жалғасын табатынын және олардың жастарда есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға, салауатты өмір салты мәдениетін нығайтуға бағытталатынын атап өтті.