Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында есірткіге қарсы күрес бағытындағы шаралар жалғасуда

Ұлытау облысында полицейлер "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында  психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері облыс аумағында есірткі қылмысына қатысты 85 дерек тіркелді. Оның ішінде есірткі құралдарын заңсыз сақтау, өсіру және өткізу фактілері бар. Сонымен қатар полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде бір есірткі зертханасы анықталып, 22 есірткі өткізу қылмысы әшкереленді.

Маусым және қыркүйек айларында өткен "Қарасора - 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде облыс аумағында 5 шеп бекеті құрылып, 55 есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 6 дерек – қарасора егуге, 15 дерек – есірткі өткізуге қатысты болған.

Қыркүйектің 22-27 күндері аралығында өткен "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткіге қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер интернет желісінде есірткі мен психотроптық заттарды жарнамалау мен насихаттауға бағытталған құқық бұзушылықтарға да ерекше назар аударып отыр.

Биыл нашақорлықты насихаттайтын 950 сайттың қызметі бұғатталды, ал "Antifraud" желісі арқылы 2 800-ге жуық банктік есепшот пен төлем картасы тоқтатылды.

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2025 жыл Профилактика жылы деп жарияланғандықтан, Ұлытау облысында полицейлер қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды үздіксіз жалғастырып келеді. Бұл туралы Ұлытау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков мәлімдеді.

Есірткіге қарсы күрес – тек полиция органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Біздің мақсат – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, заңсыз айналымның жолын кесу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Күдікті жағдай байқалған жағдайда тұрғындар 102 нөміріне хабарласып, құқық қорғау органдарына жәрдемдессе, бұл қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес болмақ, – деді Ербол Қайрбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру