Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде сотталғандар өз еріктерімен қылмыстық идеологияны насихаттайтын татуировкаларынан бас тартты

Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бірлесіп, Ақтөбе қаласындағы №8 мекемеде сотталғандар арасында қылмыстық әлем идеологиясын білдіретін татуировкаларды жоюға бағытталған акция ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қылмыстық субмәдениеттің көріністерін түбірімен жою, криминалдық идеологияның таралуына жол бермеу және сотталғандардың бойында заңға бағыну мен қоғамға пайдалы өмір салтын ұстану дағдыларын қалыптастыру.

– Қылмыстық мазмұндағы татуировкаларды жою – тек сыртқы өзгеріс емес. Бұл – өткен өмірінен бас тартып, түзелу жолына түскен адамның ішкі таңдауының көрінісі. Біздің ортақ міндетіміз – олардың бойында оң көзқарас қалыптастырып, қоғамға толыққанды азамат ретінде қайта оралуына мүмкіндік жасау, – деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жедел бөлім қызметкері Әлібек Төлеулов.

Алдын ала жүргізілген түсіндіру және профилактикалық әңгімелердің нәтижесінде 20-ға жуық сотталған өз еркімен қылмыстық идеологияны бейнелейтін татуировкаларды жоюға ниет білдірді.

– Криминалдық символика қылмыстық субмәдениеттің таралуында маңызды рөл атқарады. Біз жүргізіп отырған бірлескен жұмыстың басты мақсаты – оның ықпалын түзеу мекемелерінде жою. Осындай татуировкаларды өшіруге шешім қабылдаған әрбір сотталған – заңға бағынатын өмірге қарай маңызды әрі жауапты қадам жасайды, – деп атап өтті Ақтөбе облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Балаби Әлиасқарұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру