Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада полицейлер интернет-алаяқтық фактілерін тергеп жатыр

Ақмолада полицейлер интернет-алаяқтық фактілерін тергеп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысында цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары жалғасуда. Соңғы күндері өңірде бірнеше интернет-алаяқтық оқиғасы тіркелді.

8 қазанда Бұланды ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбаны болғанын айтып жүгінді. Оның сөзінше 25 қыркүйекте TikTok әлеуметтік желісінде белгісіз тұлғалар капиталды арттыруды уәде етіп, 3 млн 187 мың теңге көлеміндегі ақшасын алдап алған.

Сол күні Көкшетау қаласының полиция басқармасына да ұқсас өтініш түсті. Қала тұрғынының айтуынша, 7 қазанда белгісіз адамдар өздерін "Қазпошта" мен "Халық банк" қызметкерлері ретінде таныстырып, оның жұбайына қоңырау шалған. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар 5 млн 322 мың теңгеден айырылған.

Бұған ұқсас жағдай Шортанды ауданында да орын алған. 1 шілдеде аудан тұрғыны OLX платформасы арқылы контейнер сатып алмақ болған. Алайда белгісіз тұлғалар сеніміне кіріп, 87 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденіп кеткен.

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Полиция азаматтарға интернет кеңістігінде аса сақ болуды ескертеді. Әлеуметтік желілерде "оңай табыс" немесе "жылдам капиталды көбейту" туралы ұсыныстарға сенбеңіз. Жеке және банк деректеріңізді, сондай-ақ SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеңіз.

Сондай-ақ сатушының сенімділігі мен кепілдіктері расталмаған жағдайда, бейтаныс адамдарға алдын ала ақша аударуға болмайды. Тек ресми банктердің қосымшаларын және тексерілген онлайн-платформаларды пайдаланыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру