Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп пен төзім – Сарбайсаловтар әулетінің айнымас ұстанымы

Отбасылық еңбек династиясы әрқашан дәстүрдің сабақтастығын сақтаудың бейнесі, таңдаған мамандыққа құрметпен қараудың үлгісі. Кез келген мамандықта отбасылық еңбек династиясы ерекше орында. Өйткені, ол сол мамандықтың мәртебесін, қоғам алдындағы имиджін айқын көрсетеді. Қызылорда облысында полиция департаментінде еңбек ететін үлгілі полицейлер династияларың бірі Сарбайсаловтар әулеті жайлы Polisia.kz сайтынан оқи отырыңыздар.

Саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған Сарбайсаловтар әулеті бүгінде мәуелі бәйтерек. Ұрпақтары ата жолын қуып, қазіргі таңда ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып келеді.

Қоныс Сарбайсалов 1981 жылдан бастап Қызылорда облыстық ішкі істер бөліміне қатардағы милиционер болып қабылданып, ішкі істер органдарында жұмыс жасаған. Отставкадағы жылдары Қоныс Сарбайсалов орасан зор кәсіби білім жинады.

Полиция қызметкері құрметті демалысқа 2010 жылы Қызылорда облысы полиция департаментінің штаб басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан полковник шенімен зейнеткерлікке шыққан. Қызмет барысында еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болған. Бүгінде жұбайы Шолпан Сунакова екеуі 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

Отбасының берекесі – ол барлық жұмыстың алтын қазығы. Шыны керек, отбасымда қолдау болған соң маған жауапты қызметті қатар алып жүру қиынға соқпады. Көп жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеп, халықтың тыныштығы үшін күндіз-түні талмай еңбек еттік. Қазір ұлымның да осы салада адал еңбек етіп келе жатқанына шүкіршілік етемін. Жалпы, полицей болу – форманы киіп алып, қызметте есіркеп, бос жүру емес, ең бастысы елге адал қызмет ету. Қандай шен, лауазымда жүрсең де өзіңе жүктелген міндетті қиналмастан, асқан жауапкершілікпен мінсіз атқару ең маңыздысы. Полиция – жұртқа, елге жақсы қасиеттерімен есте қалуы керек. Тәртіп пен төзім салтанат құрған жерде құқық қорғаушылардың да абыройы арта түседі, – дейді Қоныс Сарбайсалов.

Иә, зейнеткердің ұлы Бақдаулет Сарбайсалов та қазіргі таңда Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығында абыройлы қызмет атқаруда. Осындай жауапты қызметте еңбек етіп жүрген Бақдаулетті әріптестері мақтан тұтады, еңбекқорлығын, жауапкершілігін ерекше бағалайды. Бақдаулет Сарбайсалов қызметіне адалдықпен қарап, жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін бірнеше рет алғыс хаттарымен марапатталған. Әрине, ол зор жауапкершілікпен жүктелетін осы қызметті таңдағанына, әке жолын қуғанын әрдайым мақтанышпен айтып жүреді.

Бала кезімдегі арманым – полиция қызметкері болу еді. Себебі адамдарға қамқор болып, көмектескім келеді. Полицейдің киімін кигенді де ұнататынмын, үйде әкемнің формасына қызыға қарайтынмын. Әкемнің інісі де осы салада абыройлы қызмет атқаруда. Тек армандап қоймай, алдыма мақсат қойдым. Міне, шүкір мектепті, жоғары оқу орнын жақсы үлгеріммен тәмамдап, бүгінде құқық қорғау саласында қызмет атқарудамын. Әрине, жұмысымды мақтан етемін. Жалпы, біздің қызмет асқан қырағылықты және жауапкершілікті талап ететін қызығы мен қиындығы қатар жүретін жауапты қызмет. Сондықтан жұмыста жауапты болуымыз керек. Бұл орайда әкемді үлгі тұтамын. Бала кезімнен қатаң тәртіпке, жауапкершілікке үйреткен. Күнделікті қызметімде әкемнің тәлімін басшылыққа аламын, – дейді Бақдаулет Сарбайсалов.

Сарбайсаловтар әулетінің ізін жалғаушы Қоныс  Сарбайсаловтың інісі Сарбайсалов Еркінбек Боранбайұлы да 1993 жылы Ішкі істер органдарына қатардағы милиционер болып қабылданып, 23 жыл бойы түрлі салаларда абыроймен еңбек етіп, 2016 жылы полиция аға лейтенанты шенімен зейнетке шыққан. Қызмет барысында еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болған.

Сонымен қатар осы әулеттің ұрпағы полиция полковнигі Сарбайсалов Қайрбек Боранбайұлы ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарып келеді. 1991 жылдың қазан айында ІІО-ға қабылданып, 2014 жылдың ақпан айынан бастап 2022 жылдың қараша айына дейін Қызылорда облысы полциия департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарды. Бүгінде ол Қызылорда облысындағы криминалдық полиция басқармасында абыроймен еңбек етуде.

Сарбайсаловтар үлгілі полицейлер династиясының ұстанымы – темірдей тәртіп және өз елінің патриоты болу. Сонда ғана қиындығы мен қатері мол саладағы тынымсыз еңбек жемісін бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру