Қарағанды облысында полиция ардагерлері жас қызметкерлерге тәжірибелерін бөлісті
Қарағанды облысында полиция ардагерлері жас қызметкерлерге тәжірибелерін бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғанына 35 жыл толуына орай Қарағанды облысында полиция департаментінің ұйымдастыруымен кездесуі өтті. "Ардагерлердің өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге" атты кездесуде ішкі істер органдарының ардагерлері мен жас полицейлерді бір арнаға тоғыстырды.
Басқосудың басты мақсаты – полиция қызметінің дәстүрлерін сақтау, тәжірибе алмасу және жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсету. Көпжылдық еңбек өтілі бар ардагерлер өз өмір жолындағы қызметтік тәжірибелерін бөлісіп, қызметтің қиындықтары мен жауапкершілігі туралы әңгімеледі. Ардагерлер өз естеліктері арқылы жас полицейлерге адалдық, батылдық және елге қызмет етудің маңызын жеткізді.
Кездесу барысында жас қызметкерлер ардагерлерден мол тағылым алды. Шара соңында ардагерлерге құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көпжылдық еңбегі үшін Алғыс хаттар табыс етілді.
Сонымен қатар ІІМ тапсырмасына сәйкес, өңірде белсенді ардагерлердің өңірлік пулын құру бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама ардагерлердің мол тәжірибесін пайдалана отырып, жеке құрам арасында патриоттық рухты нығайтуға, қоғамның полицияға деген сенімін арттыруға және ішкі істер органдарының мемлекет мүддесін қорғаудағы беделін көтеруге бағытталған.