Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда "Жаңа жол" акциясы өтіп жатыр

Павлодар қаласында Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері бас бостандығынан айырылған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған "Жаңа жол" атты профилактикалық акция өткізіп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – өмірдің жаңа кезеңін бастаған азаматтарға заңды әрі толыққанды өмірге оралуына көмектесу, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қоғамға табысты интеграциялануына жағдай жасау.

Акция барысында учаскелік полиция инспекторлары босатылған азаматтармен жеке кездесулер өткізіп, құқыққа қарсы іс-әрекеттердің салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ алкоголь мен психобелсенді заттарды тұтынудың зияны жөнінде айтып, салауатты өмір салтын ұстану бойынша ұсыныстар берілді.

– Сонымен қатар жұмыспен қамту, медициналық көмек және психологиялық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Полиция қызметкерлері денсаулық сақтау ұйымдары және жұмыс берушілермен бірлесіп, азаматтарға қажетті құжаттарды рәсімдеуге, профилактикалық тексеруден өтуге және мамандардан кеңес алуға жәрдемдеседі, – деді Павлодар қаласы Оңтүстік полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Берік Каткенов.

Бұдан бөлек, акция аясында босатылған азаматтардың туыстарымен және жақын ортамен де түсіндіру және кеңес беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл бағыт отбасы байланыстарын нығайтып, әлеуметтік оқшаулануды азайтуға мүмкіндік береді.

"Жаңа жол" акциясының арқасында бұрын сотталған көптеген азаматтар жаңа өмір бастауға мүмкіндік алып, тұрақты жұмысқа орналасып, қоғаммен қайта байланыс орнатып, табысты бейімделіп келеді.

Акция тұрақты негізде жүзеге асырылып, қайталама қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуда оң нәтижелер көрсетіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру