Елордада шетелдіктерді заңсыз жұмысқа алған кәсіпорын анықталды
Елордада 40 заңсыз жұмыс істеген аула сыпырушы анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада көші-қон заңнамасын бұзу және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілерін анықтауға бағытталған "Заңсыз келуші" жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасуда.
Полиция қызметкерлері мигранттар жұмыс істейтін нысандарда кешенді рейдтер мен тексерістер жүргізуде.
Тексеріс нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар әшкереленді. Атап айтқанда, бір жұмыс беруші еңбек қызметіне заңды құқығы жоқ 40-тан астам шетелдік азаматты аула сыпырушы ретінде жұмысқа тартқаны анықталды.
Сондай-ақ қоқыс өңдеу зауыттарының бірінде шамамен 30 мигрантты заңсыз еңбекке қабылдаған кәсіпорынның қызметі тексерілді. Бұдан бөлек, жеке басын куәландыратын және елде болуға құқығын растайтын құжаттары жоқ адамдардың жөндеу жұмыстарын атқарғаны белгілі болды.
Барлық жұмыс берушілер мен заңсыз еңбек еткен шетелдік азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция көші-қон заңнамасын бұзғаны және шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқаны үшін айыппұл мен өзге де шаралар қарастырылғанын, соның ішінде елден шығару да көзделгенін еске салады.