Абай облысында сотталған азамат қайтадан бас бостандығынан айырылды
Абай облысында сотталған азамат қайтадан бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында бұрын сотталған азамат пробация талаптарын бұзғаны үшін қайтадан түрмеге қамалды.
Семей қаласының 34 жастағы тұрғыны ұрлық жасағаны үшін сот үкімімен төрт жыл бас бостандығынан айырылған болатын. Ол жазасын қатаң режимдегі түзету мекемесінде өтей бастаған.
Алайда оның түзелуге деген ынтасы мен мекеме ішіндегі үлгілі тәртібі ескеріліп, сот шешімімен жазасының бір бөлігі жеңілдетілді. Осылайша, бас бостандығынан айыру жазасы екі жыл жеті ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.
Бостандыққа шыққан соң ол Семей қаласы Затон аудандық пробация қызметінің есебіне алынды. Қызметкерлер оған жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын түсіндірген. Дегенмен, ескертулер мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, азамат бірнеше рет тәртіп бұзған:
— тіркеуге уақытылы келмеген,
— тексеріс кезінде үйінде болмаған,
— инспекторларды хабардар етпестен қаладан кетіп қалған.
Осының нәтижесінде сот оның жазасын қайта қарап, бас бостандығын шектеу жазасын төрт ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.
Сотталған азамат өз әрекетіне өкініш білдіріп, былай деді:
– Пробацияда жүргенде жағдайдың қаншалықты маңызды екенін толық түсінбедім. Бостандыққа шыққан соң ескі таныстармен араласып, олармен кездесуді, тойлауды жөн көрдім. Енді түрмеге қайта түсе отырып, өзіме жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндікті жоғалтқанымды түсіндім. Әйелім мен кәмелетке толмаған ұлымның жанында болып, заңды бұзбай өмір сүргім келеді, - дейді ол.
Ал Затон аудандық пробация қызметі бастығының орынбасары Қуаныш Тұрарқанов жағдайға қатысты пікір білдірді:
– Пробация қызметінің басты мақсаты – сотталғандарға бостандықтағы өмірге бейімделуге көмектесу және қайта қылмыс жасаудың алдын алу. Өкінішке қарай, бәрі сот жүктеген жауапкершілікті сезіне бермейді. Біз өмірін өзгертуге шын ниетті азаматтарға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, алайда жүйелі түрде тәртіп бұзғандарға заң аясында шара қолдануға мәжбүрміз, - дейді ол.
Бұл жағдай – бостандықтың бағасын түсінбей, берілген мүмкіндікке немқұрайлы қараудың салдары екенін еске салады.