Павлодар облысында әйелдердің қоғамдағы рөлі мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Павлодар облысында әйелдердің қоғамдағы рөлі мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласы полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тобының инспекторы Индира Аипова AMANAT партиясының бастамасымен ұйымдастырылған "Әйел және қоғам: көшбасшылық және даму" тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шара барысында инспектор өңірдегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының ағымдағы ахуалы туралы және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берді. Өз сөзінде ол отбасындағы агрессия жағдайларын ерте анықтаудың, әлеуетті құқық бұзушылармен (агрессорлармен) жүйелі жұмыс жүргізудің, психокоррекциялық бағдарламаларды іске асырудың, сондай-ақ әлеуметтік қызметтермен, үкіметтік емес ұйымдармен және білім беру мекемелерімен тиімді өзара іс-қимыл орнатудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Индира Аипова әйелдердің қоғам өміріне белсенді араласуынсыз және олардың өз құқықтары мен көмек алу мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттырмай, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының нәтижелі болуы екіталай екенін атап өтті. Сондай-ақ ол нақты статистикалық деректер мен табысты араласу тәжірибелерін мысалға келтіріп, учаскелік инспекторлардың мемлекет пен отбасы арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі рөліне назар аударды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар профилактикалық жұмысты жандандыру, әйелдер мен жастар арасында ағартушылық шараларды кеңейту, сондай-ақ отбасы мен қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыру бағытында әйелдер бастамаларын қолдау жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірледі.