Ақтөбеде түнгі уақытта жасөспірімдерге қызмет көрсеткен ойын-сауық орны анықталды
ААқтөбеде түнгі уақытта жасөспірімдерге қызмет көрсеткен ойын-сауық орны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік-профилактикалық шараларды күшейтті.
Шара басталғалы Ақтөбеде 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандарды кіргізген екі ойын-сауық орны уақытша жұмысын тоқтатты. Бірінші жағдайда компьютерлік клубта 2010 жылы туған кәмелетке толмаған қыздың заңды өкілінсіз жүргені анықталды. Тағы бір жағдайда 2008 жылы туылған жасөспірімнің түнде лаундж-барда жүргені белгілі болды.
Аталған мекеме иелері бұған дейін де осындай заң бұзушылыққа жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, бір жыл ішінде тағы қайталап отыр. Полицияның ұсынысы бойынша сот шешімімен аталған екі мекеме иесі жауапқа тартылып, қызметі бір ай мерзімге тоқтатылды.
Жалпы "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері облыс бойынша заң бұзған 292 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Олардың басым көпшілігі полиция бөліміне түнгі мезгілде көшеде заңсыз жүргені үшін жеткізілді. Ата-аналары жауапкершілікке тартылып, жасөспірімдермен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар рейдтік шаралар барысында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкен 3 жасөспірім анықталды. Түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында заңсыз жүрген жасөспірімдер саны - 12.
Полиция барлық ата-аталар мен ойын-сауық мекемелері иелерін заңнама талаптарын сақтауға және түнгі мезгілде кәмелетке толмағандардың заңсыз жүруіне жол бермеуге шақырады.