Байқоңырда жедел басқару орталығы ашылды
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінде жедел басқару орталығының ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шараға Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов, Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, өкілдіктің басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ардагерлер қатысты.

Қылмыстың алдын алу және оны жедел ашу мақсатында ішкі істер органдарының қызметін цифрландыру жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жаңа орталық – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті тиімді қадағалауға бағытталған маңызды қадам.

Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай ашып, қатысушыларды орталықтың ашылуымен құттықтады.

Іс-шара барысында Республика күні мерекесіне орай ел игілігі жолындағы адал еңбегі және Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастығы Қайрат Оразалин марапатталды.
Сондай-ақ Байқоңыр қаласындағы полиция органдарындағы мінсіз қызметі үшін бірқатар қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Орталықтың ашылу рәсіміне арнайы келген Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов те құттықтау сөз сөйлеп, қызметінде ерекше көзге түскен тәртіп сақшыларын марапаттады.
– Жедел басқару орталықтарының жұмысы – ұсақ құқық бұзушылықтан бастап ауыр қылмыстардың ізін суытпай ашуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде бұл құрылым заманауи талаптарға толық сай келеді. Полиция департаментінің барлық қалалық және аудандық бөлімдерінде шағын жедел басқару орталықтары ашылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында әр ауданға 77 бейнебақылау камерасы және жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 7 кешен орнатылды. Енді облыстың барлық аудандарында тұрғындардың қоғамдық тәртіпті бұзу, темекі тұқылын тастау, көшені ластау, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтуі және көлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтамауы секілді әрекеттерін операторлар онлайн бақылап отырады. Бұл бастама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыспен күресті күшейтуге және жол қауіпсіздігін арттыруға өз септігін тигізеді, – деді департамент бастығы.
