Елордада автокөліктерден ұрлық жасаған күдікті ұсталды
Елордада автокөліктерден ұрлық жасаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының полиция қызметкерлері автокөліктерден жасалатын ұрлықтардың алдын алу және ашу бағытында кешенді іс-шаралар жүргізіп келеді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде елорда аумағында үш рет бөтеннің мүлкін жасырын түрде иемденген азамат анықталып, ұсталды. Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті автокөлік есіктерінің жабылмағанын пайдаланып, салон ішіндегі заттарды еркін қол жеткізу арқылы ұрлаған.
Оның заңсыз әрекеттерінің бірі қара түсті Lifan X60 автокөліктің салонынан Samsung Galaxy A26 телефонын ұрлаумен байланысты. Бұл жағдайда жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын көлемі 275 мың теңгені құраған.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты барлық үш эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.
Елорда полициясы тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді: автокөлікті қараусыз қалдырмау, барлық есік пен терезені мұқият жабу, сондай-ақ бағалы заттарды көлік салонында қалдырмау қажет. Осындай сақтық шаралары қылмыстың алдын алуға және жеке мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
