Атырауда "Жанұя және бала" іс-шарасы аясында есептегі отбасылар тексерілді
Атырау қаласында 29 қазан мен 1 қараша аралығында отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың құқықтарын қорғау, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу, сондай-ақ құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында "Жанұя және бала" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның алғашқы күнінде есепте тұрған отбасылардың тұрмыс жағдайы тексеріліп, полицейлер 15 үйге профилактикалық бақылау жүргізді. Қазіргі таңда оқушылардың күзгі демалысы мен жылыту маусымының басталуына байланысты түсіндіру және алдын алу жұмыстары күшейтілген.
Тексеру кезінде тәрбиесінде кәмелетке толмаған қызы бар тұрғынның алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Ол медициналық сараптамадан өткізілді, ал оның қызы демалыс уақытында әжесінің үйінде болған.
Сонымен қатар рейд барысында түнгі уақытта көшеде қадағалаусыз жүрген бірнеше жасөспірім анықталып, оларға және олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, кафе, мейрамхана және караоке-барлар тексеріліп, кәмелетке толмағандардың заңсыз жүргені белгілі болды. Осы деректер бойынша жеке кәсіпкерлерге әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырау қаласы бойынша бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына теріс әсер ететін 76 ата-ана профилактикалық есепте тұр.
 
						
 
											