"Нашақорлықсыз болашақ": Жамбыл облысында оқушылар арасында сурет байқауы өтті
Жамбыл облысында оқушылар арасында сурет байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Шу ауданының Оқушылар сарайында "Нашақорлықсыз болашақ" тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылды.
Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңесі, "Елу жылда — Ел жаңа" қоғамдық бірлестігі, Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Шу ауданы әкімдігі білім бөлімі және "Оқушылар сарайы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен бірлесіп ұйымдастырды.
Байқауға ауданның түрлі мектептерінен 12 мен 15 жас аралығындағы 35 оқушы қатысты. Жас суретшілер өз жұмыстарында салауатты, қауіпсіз және жарқын болашаққа деген ұмтылыстарын бейнеледі.
Байқаудың басты мақсаты — жастардың өмірлік құндылықтарын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу және жасөспірімдерді шығармашылыққа, пайдалы іс-әрекетке тарту.
Сонымен қатар іс-шара оқушылардың көркемдік қабілеттерін дамыту мен бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Асқарбек Нұрай иеленді. Ал екінші орын Есентай Нұрай мен Базарбай Ақботаға берілсе, үшінші орынға Байжұман Ерасыл, Қанарбек Ақниет, Ермекбай Мирас және Әбдібек Аянат сынды жас суретшілер лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, ал қатысушылар мен ұстаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
