Өзбекстан азаматы қазақстандық полицейлерге жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді
Өзбекстан азаматы Ақмола облысының полицейлеріне жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының полицейлері ауа райының күрт суытуына байланысты өңір жолдарында күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Тәртіп сақшылары автокөліктердің техникалық жай-күйін тексеріп, қолайсыз ауа райында қиын жағдайға тап болған жүргізушілер мен жолаушыларға дер кезінде көмек көрсетіп келеді.
Осындай игі істердің бірі ағымдағы жылдың 5 қарашасында болды. Астана – Петропавл автожолының 155-шақырымында патрульдік полиция қызметкерлері жол шетінде тоқтап тұрған MAN жүк көлігін байқайды. Көлік жүргізушісі, 44 жастағы Өзбекстан азаматы, ауа беру жүйесінде ақау туындап, сүзгі ауыстырылғанымен, ауа жүрмей қалғанын хабарлаған. Соның салдарынан көлік суық ауа райында жол үстінде қалып қойған.
Полицейлер жағдайға бейжай қарамай, жүргізушіге көмектесуді жөн көрді. Олар төрт сағат бойы оның жанында болып, жүргізушінің жылынуына және қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне жағдай жасады. Сонымен қатар жол бойындағы өзге көлік қозғалысының қауіпсіздігін де қадағалады.
– Полицейлерге өте ризамын. Мен Өзбекстаннан Ресейдің Челябинск қаласына бара жатқан жолымда қиын жағдайға тап болдым. Сол кезде ақмолалық полиция қызметкерлерінің қамқорлығын ерекше сезіндім. Олар маған тек техникалық тұрғыда ғана емес, моральдық жағынан да қолдау көрсетті. Өйткені осындай суықта жолда жалғыз қалу – өте ауыр жағдай, – деді алғыс білдірген жүргізуші.
Бұл жағдай құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаматтарға деген қамқорлығы мен кәсібилігінің айқын көрінісі болды. Олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың амандығын басты назарда ұстайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ақмола облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны жүргізушілерге көліктерінің техникалық жағдайын, әсіресе қыс мезгілінде мұқият тексеріп отыруды және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
