Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Хоргос" орталығында полицейлер туристерге арналған көптілді парақшалар әзірледі

"Хоргос" орталығында полицейлер туристерге арналған көптілді парақшалар әзірледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Күн сайын мыңдаған турист пен кәсіпкер өтетін халықаралық "Хоргос" шекара маңы ынтымақтастық орталығы аумағында полиция қызметкерлері қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған жаңа ақпараттық бастаманы іске қосты.

Қонақтардың хабардарлығын күшейтіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер QR-коды бар көптілді парақшалар дайындады. Ақпарат төрт тілде — қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде берілген.

QR-кодты сканерлеу арқылы шетелдік және отандық туристер Қазақстан аумағында болу ережелерімен, шұғыл қызметтердің байланыс нөмірлерімен, сондай-ақ жеке заттар мен құжаттарды қорғауға қатысты пайдалы кеңестермен таныса алады. Мұндай формат әрбір келушіге, қай тілде сөйлейтініне қарамастан, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, жобаның басты мақсаты – "Хоргос" халықаралық орталығы аумағындағы азаматтардың қауіпсіздігін арттыру және құқық қорғау органдары мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайту.

– Біздің міндетіміз – әрбір қонақ өзіне қамқорлық пен қолдауды сезінуі үшін жағдай жасау. Заманауи технологиялар арқылы біз азаматтарға жақындай түстік және олардың тілімен сөйлесуге мүмкіндік алдық, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Көптілді парақшалар шекаралық өткізу пункттеріне, туристік павильондарға және күту аймақтарына орналастырылған. Бұл жаңашыл жоба шетелдік туристер мен жергілікті тұрғындар тарапынан оң пікірге ие болып, қауіпсіздік пен өзара түсіністіктің заманауи үлгісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру