Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда жергілікті тұрғыннан каннабис бұталары тәркіленді

Павлодарда жергілікті тұрғыннан каннабис бұталары тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел уәкілдері, облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікке ілінген жергілікті тұрғынды анықтап, қолға түсірді.

Полиция қызметкерлеріне күдіктінің заңсыз есірткі айналымына қатыстылығы туралы ақпарат түскен. Тексеру кезінде оның көкөніс өсіруге арналған жер учаскесінен 150 түп каннабис бұтасы және осы өсімдіктің кептірілген бөліктері табылды.

– Ер адам өсімдікті жеке тұтыну үшін еккенін және өсіргенін мойындады. Табылған бұталар мен олардың кептірілген бөліктері сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижесі бойынша олардың жалпы салмағы 30 келіден асатын есірткі заты екені анықталды. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов.

Полиция азаматтарды заңсыз есірткі айналымына қатысты кез келген дерек туралы тәулік бойы 102 нөміріне немесе"Police 102" мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға шақырады. Мұндай ақпарат құқық қорғау органдарының шұғыл әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру