Атырауда полицейлер қолайсыз ауа райында жол қауіпсіздігін дрон арқылы бақылауда
Атырауда полицейлер қолайсыз ауа райында жол қауіпсіздігін дрон арқылы бақылауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қолайсыз ауа райы жол қозғалысын қиындатып, жол-көлік оқиғаларының қаупін арттыра түседі. Әсіресе тұман кезінде жүргізушілер алда келе жатқан көлікке дейінгі арақашықтықты дәл анықтай алмайды, қарсы немесе қатарлас бағыттағы көліктердің жылдамдығын бағалау да қиындайды. Осыған байланысты тұман кезінде басып озуға тыйым салынады.
Сондай-ақ алысқа жарық түсіретін шамдарды қосу ұсынылмайды, себебі олардың жарығы тұманнан шағылысып, көрінуді одан әрі нашарлатады. Мұндай жағдайда жақын жарық шамдарын және тұманға қарсы шамдарды пайдалану қажет. Күзгі-қысқы кезеңде көктайғақтан сақтану да аса маңызды.
Осы бағыттағы алдын алу шаралары аясында Атырау облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы дрон әуе камерасын пайдалану арқылы 600-ден астам жол ережесін бұзу фактісін анықтады. Ережені сақтамаған жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделді.
Тәртіп сақшылары қолайсыз ауа райында мүмкіндігінше жолға шықпауға, ал сапар қажет болған жағдайда барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, жүргізу кезінде телефон пайдаланбау, қауіпсіздік белдігін тағу және жылдамдық режимін сақтау маңызды.
Қарапайым сақтық шараларын орындау – өзіңіздің және басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы.
